Мақалада 10-11-сынып оқушыларына фразеологизмдерді когнитивті тұрғыдан меңгерту арқылы шешен сөйлеу қабілетін дамытудағы ұстанымдар туралы сөз болады. Шешен сөйлеудің қазіргі білім беру жүйесіндегі рөлі, оның оқушы тұлғасының интеллектуалдық және коммуникативтік дамуына әсері жан-жақты сипатталады. Автор антропоөзектік, когнитивтік, коммуникативтік, аксиологиялық және лингвомәдени ұстанымдарды шешен сөйлеу өнерін меңгертудің негізгі бағыты ретінде талдайды. Фразеологиялық бірліктердің тілдік мәртебесі мен когнитивтік қызметі, сондай-ақ тілдік құзыреттілікті меңгертудегі орны туралы айтылады. Тұрақты тіркестерді пайдалана отырып, оқушыны шешен сөйлеуге баулуда білім алушының білімі, білігі, дағдылары мен тәжірибесі ескеріледі. Соның негізінде оқушының түрлі сөйлеу жағдаятында сөздерді орнымен қолдана білу, фразеологиялық бірліктерді пайдалана отырып, ойын бейнелі де әсерлі етіп жеткізе білу қабілетін жетілдіру мақсат етіледі.
Бүгінгі таңда тілді оқытуда білім алушылардың сөйлеу мәдениетін жетілдіруге, тілді ұлттық-мәдени құнды-лықтардың ажырамас бөлігі ретінде қабылдауына, тілдің дүниетанымдық, тәрбиелік, әлеуметтік, этномәдени аспектілерін біртұтастыққа қарастыруға, қазақ тілі сабақтары оқушылардың логикалық ойлауын, зияткерлік қабілетін жетілдіруге, коммуникативтік біліктерін дамытуға бағытталуы, тілді меңгертудің уәждемелік сипатын күшейту, игерілетін білімнің түпкі нәтижесін көздеу сияқты ұстанымдарға сәйкес 10-11-сынып оқушыларына фразеологизмдерді когнитивті тұрғыдан меңгерту арқылы шешен сөйлеу қабілетін дамыту қажеттігі артып отыр.
Мектеп оқушыларының сөйлеу дағдыларын меңгеруге қойылатын талаптардың күшеюі жастардың тіл тазалығына мән бермеуінен, ойын дұрыс жеткізе алмауынан, сөзін әсерлі де көркем етіп жеткізе алмауынан туындап отыр. Бұл мектеп оқушыларына фразеологизмдерді когнитивті тұрғыдан меңгерту арқылы шешен сөйлеу қабілетін дамытуға арналған теориялық, әдістемелік еңбектердің жетімсіздігінен де туындап отыр.
