Мақалада қазақтың эпостық жырын оқытуда оқу үдерісінде қолданылатын инновациялық технологияларды пайдалану әдісі қарастырылды. Оқытудағы заманауи технологиялардың қызметі және практикалық маңызын аша келіп, орта мектепте батырлар жырын оқытуда қолданылатын инновациялық технологияларға назар аударылды. Зерттеу материалы негізінде қазақтың эпостық жырлары негізгі нысан етіп алынды. Бұл тақырыптың өзектілігі оқушылардың Отанын сүю, ел намысын қорғау құндылықтарын алға тарта отырып, ерлікті дәріптеу, халқына деген сүйіспеншілігін арттыру, қызығушылығын ояту, эпостық шығармалар туралы теориялық білімдерін тереңдету және талдауда практикалық дағдыларын қалыптастыру қажеттілігімен айқындалады.
Әртүрлі жанрдағы фольклорлық және әдеби шығармаларды қамтитын мектептегі әдебиет сабағында ұсынылатын бағдарламалар оқушының бойында әдебиет пен мәдениет әлеміне жол ашатын дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алайда әдеби шығармалардың айырмашылығын, бірегейлігін сөзбен жеткізе отырып, олармен жұмыс жасау барысында мұғалімдер олардың ұлттық мәдениеттің бір бөлігі ретіндегі өнер туындылары екенін елемейді. Сабақта фольклорлық шығармаларды талдау барысында оларды қабылдаудың ерекшеліктерін жете ұғындырмағандықтан, нәтижесінде көркемдік мәні екінші орынға шығады, ал әдебиет тек идеологиялық әсер ету құралына айналады.