Мақалада болашақ бастауыш білім педагогтерінің фасилитациялық құзыреттілігін қалыптастырудағы негізгі ұғымдарға теориялық талдаулар жасалады. Фасилитация ұғымының психологиялық аспектілері сипатталады. Болашақ маманның өзін-өзі тануы, өзіндік тұжырымдамасы мен мінез-құлқын өзгерту үшін үлкен ресурстарды таба алуы маңызды болады. Ғалымдардың тұжырымдамаларындағы фасилитация, фасилататорлық жұмыстар және педагог-фасилитатор қызметтері зерделенеді. «Фасилитация», «фасилитатор» ұғымдарына нақтылаулар жасалады. Фасилитация – анағұрлым жоғары сапалы және практиканың заманауи сұраныстарына сәйкес келетін барлық саладағы кәсіпқойларды оқытудың құралы. Фасилитатор – білім беру ісіне келгенде ішкі дүниесінің күрделілігі мен алуан түрлілігі, оның өзіне және басқа адамдарға деген қызығушылығы, өзі мен басқаларды оң көзқараспен қабылдауы педагог маманның кәсіби дамуына, білім сапасының артуына ықпалын тигізетін маман. Болашақ бастауыш білім педагогтерінің фасилитациялық құзыреттілігін қалыптастырудың әдіснамалық маңызын фасилитациялық тұғыр және жүйелік тұғырлар құрайтындығы айтылады. Диагностикалау жұмыстарында өзін-өзі дамыту бойынша іс-әрекеттегі білім алушылардың белсенділігін зерттеуге арналған С.С. Кункевичтің «Менің жеке дамуым» атты әдістемесі жүргізіледі. Әдістемені жүргізуде білім алушылардың жеке басының өзін-өзі дамыту ісәрекетіндегі белсенділік дәрежесін анықтау жолға қойылды. Диагностикалаудың екінші кезеңінде респонденттерден сауалнама алынып, нәтижелері сандық, сапалық тұрғыдан талданады. Математикалық-статистикалық талдаулар жасалды. Эксперименттің нәтижесінде болашақ бастауыш білім педагогтерінің фасилитациялық құзыреттілігін қалыптастыруға арналған ғылыми-әдістемелік ұсыныстар берілді.