Бұл мақалада магистранттардың цифрлық құзыреттілігін қалыптастыру мәселесі қарастырылады. Ғылыми педагогикалық, арнайы әдебиеттерге талдау жасау әдісі арқылы «цифрлық құзыреттілік» ұғымы мен оның компоненттері, педагогтардың цифрлық құзыреттілігін дамыту ерекшелігіне байланысты деректер жинақталып, анықталды.
Зерттеу жұмысында И.В.Доможирова, Т.А.Селеменова, К.С.Окрут, К.С.Тожибаева, Г.Ж.Ниязова, Ш.А.Аннаеваның еңбектерінде цифрлық құзыреттілік ұғымына берген анықтамалары талданып, Е.В.Яшкова, Л.В.Лаврентьева, К.С.Окрут, А.В.Гозалова, П.Ф.Кубрушко, Л.И.Назарова, Н.С.Гриценконың зерттеулері негізінде цифрлық құзыреттіліктің құрылымына сипаттамалар жасалды. Педагогтардың цифрлық құзыреттілігін дамытуға негізделген «ЮНЕСКО-ның мұғалімдерге арналған АКТ құзыреттілігінің шеңбері» есебі, Экономикалық даму және Ынтымақтастық Ұйымы (ЭЫДҰ) жариялаған «Білім және құзыреттіліктер – 2030» жобасы мен отандық және шетелдік зерттеулер талданды.
Зерттеу жұмысының нәтижесі ретінде білімалушылардың цифрлық құзыреттілігі - ақпараттық технологияларды, цифрлық ресурстарды білім беру үдерісінде шебер пайдалана білу қабілеті деп тұжырым жасауға болады.
Зерттеу жұмысының нәтижесінде қазақстандық және шетелдік ғалымдардың зерттеулеріне талдаулар жасалынды және педагогтың цифрлық құзыреттілігі ұғымына анықтама беріліп, педагогикалық бағыттағы магистранттардың цифрлық құзыреттілігін, цифрлық білім беру ортасын қалыптастыруға ұсыныстар берілді.