Мақалада қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының негізін қалаған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бай әдістемелік еңбектері талданады. Ахмет Байтұрсынұлы мектепке білімді мұғалім, құрал жабдықтар, бағдарламалар, оқытуға сай оқу құралдар қажет деп есептеген. Осыларды дайындау мақсатында еңбек еткен және өз мақсатына жеткен.
Мақалада балалардың сауатын ашу үшін дайындаған «Оқу құралы», қазақ тілін пән ретінде оқытатын «Тіл – құрал» оқулықтары қарастырылады. Аталған оқулықтарды меңгертуге бағытталған, оқытудың практикалық жағын қарастырған «Баяншы», «Тіл жұмсар» сияқты еңбектеріндегі оқыту мәселесі қозғалады. Оқулықтарынан басқа оқыту мәселесін көтерген мақалалары талданады. Мақалаларында ғалым ана тілімізді қандай әдіс-тәсілдермен оқыту керек, мектеп керектері не, бастауыш мектептің маңызын көрсете отырып, жалқылау әдіс, сауаттау әдіс, дыбысты, жалқылау-жалпылаулы әдіс, көрнекілік әдіс сияқты оқыту әдістерін талдап көрсетеді.
Ғалымның қарастырылған әдістемелік еңбектерінде көтерілген мәселелердің қазіргі білім беру жүйесінде ұстанған талаптарымен үндестігі талданады. Қазіргі білім беру жүйесіндегі айтылып жүрген негізгі ерекшеліктер ғалым еңбектерінде көрініс тапқан. Мысалы, жаңартылған білім беру жүйесінің негізгі ерекшеліктеріне сай білімнің үзіліссіз спираль тәріздес берілуі керек, баланың жас ерекшелігін ескеру қажет, білімнің жеңілден күрделіге қарай берілуі тиіс, бала білімді өз бетімен алу керек, оқушы алған білімін тәжірибеде, күнделікті өмірде қолдана білу керек деген сияқты қағидалар ұстанады. Осы ерекшеліктер мен ұстанымдар Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерінде, оқыту жайындағы мақалаларында жан-жақты талданып, қарастырылған. Мақалада ғалымның еңбектерінен мысалдар келтіріліп дәлелденеді.