Америкалық оқу жүйесі әлемдегі ең сұранысқа ие және жоғары бағаланатын жүйелердің бірі. Америкалық мамандар қолданатын әдістер мен технологиялар, сонымен қатар АҚШ білім саласында енгізілетін өзгерістер мен жаңалықтар әдетте сол күйіндегі болмаса да ұқсас өзгерістердің бүкіл әлемде көрініс табуына алып келеді. Аталмыш факторларды ескере отырып, мақалада АҚШ-тағы білім беру жүйесінің қалыптасу барысы мен қазіргі сипаттамалары қарастырылады, ҚХР білім беру жүйесімен салыстырмалы сараптама нәтижелері таныстырылады.
Мақалада төңкерілген сынып, Харкнесс әдісі, сұрақтарды тұжырымдау техникасы, БАОК (МООС) жүйесі, оның қалыптасуы мен ерекшеліктері, т.б. оқыту стратегиялары мен әдістеріне шолу жасалады.
Қорытындыда жаһандану мәселелері мен оның білім жүйесіне ықпалы қарастырылады, сонымен қатар жаңа жағдайға техникалық тұрғыдан ғана емес, кәсіби тұрғыдан да бейімделу қажеттілігіне ерекше назар аударылады.