Бұл мақалада ағылшын тілі сабағында жоғары сынып оқушыларының функционалдық оқу дағдыларын дамытуда пәндік-тілді кіріктірілген оқытудың практикалық қолданылуы қарастырылады. Оқушыларды халықаралық емтихандарға дайындау кезінде, оқу дағдысы, басқа дағдылармен қатар оқу процесінде еңбекті көп қажет ететін кезеңдерінің бірі болып табылады. Көлемді мәтіндерді оқу кезінде орындалатын тапсырмалардың күрделілігін оқушылар түсіне бермейді. Шетел тілінде белгілі бір мәселені шешу немесе белгілі бір тапсырманы орындау үшін ақпаратты іздеу мақсатында мәтінмен жұмыс істеу оқушылардың функционалдық оқу дағдыларын дамытуға әкеледі. Ағылшын тілінде оқуға ұсынылатын мәтіндер мектептегі оқудың әртүрлі салаларын қамтиды. Сондықтан, жұмысты сәтті ұйымдастыру және тілдік емес пәндік біліммен оқуға арналған тапсырмаларды дайындау бүгінгі таңда функционалдық оқуды дамытудың перспективті алғышарты, оқылатын тілде жазылған және Қазақстан туралы әлеуметтік мәтіндер ретінде ұсынылған кіріктірілген оқу материалдары болып табылатынын көрсетеді. Мұндай мәтіндер коммуникативті, ұйымдастырушылық және ақпараттық міндеттерді шешу кезінде оқушылар кездестіретін жағдайлардың бастапқы бейнелеуімен байланысты.