Ғаламдық бәсекелестік кезеңінде білікті адами ресурстар мен ғылыми база ең маңызды факторлар болып табылады. Бұл қазіргі заманғы өндіріс түлектерден экономикалық сауатты, бәсекеге қабілетті, кәсіби дайындығы бар мамандарды талап етуімен байланысты. Сондықтан педагогикалық білім берудің алдында жастарға экономикалық білім берудің оңтайлы жағдайларын анықтауда барлық білім беру жүйесін өзгерту, оны жаңа мазмұнмен толықтыру, жаңа заманауи әдістерді, инновациялық әдістемелерді және білім беру іс-әрекетінің құралдарын қолдану сияқты міндеттерді шешу мәселелерін қойып отыр. Осы мақсат тұрғысынан мектептегі және жоғары кәсіптік білім берудің оқу практикасына нарықтық экономиканың қажеттіліктеріне жауап беретіндей түрлі оқу пәндері мен элективті курстар енгізілуде. Осыған байланысты кәсіптік білім берудің өзекті міндеттерінің бірі түлектерді толыққанды кәсіби қызметке даярлау болып табылады.
Толыққанды кәсіби қызмет білім алушылардың ұтқырлығын, нарықтық жағдайдың өзгеруіне тез жауап беру қабілетін қалыптастыруды; экономикалық сананы қалыптастыруды, экономикалық терминологияны қолдана білуді, яғни тұлғаның экономикалық, оның ішінде геоэкономикалық құзіреттілігін қалыптастыруды қарастырады.
Мақалада түлектің геоэкономикалық құзыреттерінің қалыптасуын анықтау үшін жобалау моделін даярлау тәсілдерінің бірі ұсынылған. Жобалау моделі мектепте және кәсіби білім беру ұйымдарында жүзеге асырылатын әрбір білім беру бағдарламасы үшін құзіреттіліктің қалыптасу деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ білім алушылардың өзін-өзі жетілдіру және өзін-өзі дамыту қабілеттерін жетілдіруді қамтамасыз етеді.