Аңдатпа
Сөзжасам мәселелері көптеген ондаған жылдар бойы ғалымдардың қызығушылығын тудырды. Онтогенезде тілдің сөзжасамдық жүйесінің қалыптасуының негізгі заңдылықтарын, реттілігі мен кезеңдерін ресейлік В. В. Виноградов, Г. О. Винокур, А. Н. Гвоздев, Е. С. Кубрякова, А. А. Леонтьев, Е. Н. Негневицкая, Ф. А Сохин, А. Г. Тамбовцева, Т. Н. Ушакова, С. Н. Цейтлин, К. И. Чуковский, А. М. Шахнарович, Д.Б. Эльконин [1] және отандық Ж.Т.Тасжүрекова, Қ.Қ. Өмірбекова, А.Д.Сейсенова, Г.Б. Ибатова [2] т. б. атаған. Сөзжасамға аса назар аударудың маңыздылығы оның бала тілінің және тіл арқылы қарым қатынас жаусауының дамуында ерекше рөл атқарумен қатар, грамматикалық жүйені меңгерудің, жазбаша сөйлеу тілінің қалыптасуының алғышарттары болып табылады. Жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалар соңғы жылдары тіл кемшіліктерінің ішінен жиі кездесетін және күрделі бұзылыс болып есептеледі. Жалпы сөйлеу тілінің дамымауында балаларда есту қабілеті және зиятының дамуы қалыпты, алайда сөйлеу тілінің барлық құрама компоненттері қалыптаспаған болып келеді, атап айтқанда сөз қоры, дыбыстық жағы, грамматикалық құрылымы. Грамматикалық құрылымы түсінігіне балалар тілінің сөзжасам, сөзөзгерту, сөйлем құрау дағдылары кіреді. Аталған балаларда сөзжасам дағдылары жетілмеген болып келеді. Ол өз кезегінде балалардың байланыстырып сөйлеуіне, еркін түрде сөз арқылы қарым-қатынасқа түсуіне, әлеуметтенуіне кедергі жасайды. Ол дағдыларды арнайы логопедиялық жұмыста дамытып, жетілдірумен айналысу аса маңызды. Сондықтан біз мақаламызда ғылыми зерттеуіміздің бір бөлігі – жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалардың сөзжасам білік, дағдыларын қалыптастыру жолдарын ұсынып отырмыз.