Бұл мақалада жоғары оқу орнының білім мазмұнындағы этникалық компоненттің алғашқы нысаны - тектілік мәселесі қарастырылды. Алгоритм бойынша этникалық компоненттің бірінші қарастырылатын нысаны - тектілік екені сараланды. Білім мазмұнының нысанында педагогика және психология факультетінің студенттерінің болашақ өмірлеріне білімі мен ғылыми түйсігінің ұдайы өрлеу динамикасында бағдарлануына олардың өз-өзінің тектілігін бағамдай аларлық біліктілігінің болуы мақалада талданды. Бұл орайда, тарихи қағидамен тектілік жайлы зердеден өткізген даналардың сөздеріне құлақ асып, ондағы рухани құндылықтарды білім мазмұнына енгізуге басымдық берілді. Шетел және қазақстандық ғалымдардың аталған тақырыпты арнайы, ішінара зерттеген еңбектеріне талдау жасалды. Ықылым заманнан қазіргі Тәуелсіз Қазақстан кеңістігіне дейін этникалық білім берудегі тектіліктің педагогикалық негізі өзінің көкейкестілігін жоймай келгені айқындалды.
Жеті жұрттан тараған ұрпаққа қорған болу текті ұрпақтың еншісі деген тұжырым жасалды. Кейінгі ғасырларда қазақ елінің бұл этникалық компоненті социализмнің сынына ұрынды. Ру сұрасуға трайбализм деген жала жабылып, шежіренің рухани құндылығы төменге құлдырады. Аталған мәселе жайлы білім мазмұнына тұжырымдар енгізілді.
Шын мәнісінде, тектілік феномені бүгінгі білім мазмұнында ғана қалыс қалып қоймай, жалпы педагогика ғылымында тесіле зерттеліп, терең ашылмаған тақырыптың бірі екені көрсетілді. Патша, кеңес үкіметі тұсындағы ұлтсыздандыру саясаты дәстүрлі қазақи таным мен құндылықтарды тұншықтыруының кесірінен аталған тақырып көкейкесті мәселеге айналды. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де бодандық дәуірде қалыптасқан стереотиптерден алшақтап кете алмауымыз сол бұрмалаулардың кесірі екеніне дәйектеме түзілді. Жоғары оқу орнында білім беру үдерісінде тектілік қазақ халқына ғана тиесілі болмай, бұл ұғымның кез-келген этнос үшін маңыздылығы айқындалды.