Бұл мақалада студенттерге заманауи авиациялық ұғымдарды оқытуда мобильді қосымшаларды дайындау әдістемесінің қысқаша мазмұны беріледі. Заманауи авиациялық терминдерді оқытудағы мобильді қосымшалардың түрлері және оның қызметтері баяндалады. Сондай-ақ, терминологиялық дайындық — кәсіби даярлықтың басты құрамдас бөлігі ретінде сипатталады және үш тілде жасалған тезаурус форматындағы сөздік – болашақ мамандарды даярлаудың тиімді құралы ретінде түсіндіріледі. Студенттерге заманауи авиациялық ұғымдарды оқытуда мобильді қосымшаларды дайындаудағы педагогикалық шарттар: авиациялық ұғымдарды оқыту материалының мобильді құрылғыларға бейімделуі; мобильді технологияларды дидактикалық құрал ретінде толыққанды пайдалану; интерактивті және коммуникациялық цифрлық орта қалыптастыру; авиациялық ұғымдарды оқытудың компоненттерін кезеңдік, жүйелі дамыту болып анықталды.
Авиациялық терминология: ICAO, EASA, IATA стандарттарына сәйкес терминдер мен фразеологияны қолдану, авиация саласындағы коммуникацияны дұрыс түсінуді қамтамасыз ететін негізгі терминдерді мобильді қосымшалар арқылы оқытудың әдістемесі ретінде студенттерге арналған элективті курс мазмұны ұсынылады.
Эмпирикалық бөлімде диагностикалау және бақылау жұмыстары жүргізілді. Тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарға жалпы саны 234 студент қатысқан. Респонденттерге анықтау эксперименті бойынша «Заманауи авиациялық ұғымдарды оқытуда мобильді қосымшаларды пайдалану» сауалнамасының анықтау және бақылау эксперименттеріндегі нәтижелері алынып, статистикалық тұрғыдан талданады.
