Қазақ фольклоры – мәліметтерді ауызша таратуға негізделген біртұтас коммуникативтік жүйені құрайды. Фольклор мәтіндерінің жанрлық өлшемдері оның тұрмыста пайда болуы және тұрақты қолданыс формалары арқылы анықталады. Сонымен қатар, фольклорды ауызша халық шығармашылығы жанрларының жиынтығы деп қана түсінбеу керек, оны қоршаған ортаға деген көзқарастар жиынтығы, дәстүрлі мәдениеттің әртүрлі қырларынан көрініс табуы деп бағалаған жөн. Сондықтан, ауызша халық шығармашылығы жанрларымен қатар халықтық мәдениеттің мифология, әдет-ғұрып, болмыс, тіл секілді өзге де қырларына ерекше мән беріледі.
Қазақстанда фольклорды жоғары мектепте оқыту мәселелері өткір тұр. Оны заманауи технологиялар мен әдіснамалық тәсілдер арқылы оқыту мәселесіне жіті көңіл бөлінбеуде. Қазақстанның қазіргі білім және ғылым жөніндегі стратегиялық бағдарламаларына сәйкес жоғары оқу орындарында фольклорды студент жастарға оқыту жалпыұлттық мәселеге айналып отыр. Студент жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті арттыру үшін фольклор мұраларының тигізер септігі орасан. Ал фольклорлық шығармалардың ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызы өте зор болмақ.
Осыған орай, бұл мақалада, Қазақстанның жоғары мектебіндегі фольклорлық таным үдерістеріне шолу жасалып, студент жастардың фольклорлық мұраны меңгеруде жаңа технологияларға деген көзқарастары анықталады, оның әдіснамалық қырларына жіті көңіл бөлініп, игеру мәселелері сөз болады.
