Мақалада білім берудегі геймификация оқыту теориясы, әдісі туралы талдаулар беріледі. Геймификация әдісін бастауыш сынып оқушыларына ағылшын тілін меңгертуде цифрлық білім жағдайында қолданудың пост-талдаулары, яғни Wiki энциклопедиясы, Scopus, Web Of Science халықаралық зерттеулерге талдаулар ұсынылады. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыларына ағылшын тілін меңгертуді геймификациялаудың актілері: junior – ағылшын тілін меңгеруге үйренуге талапкер, middle – ағылшын тілін үйренуші, senior – ағылшын тілін үйретуші, lead – геймификацияның элементтерін ағылшын тілін меңгертуде ұйымдастырушы статустарының мәні сипатталады. Күнделікті сабақта қолданылатын әдістер топтамасының геймификацияға байланысы көрсетіледі. Геймификацияның білім алушылардың мотивациясын басқаратын бірнеше қажеттіліктері айтылады. Олар: білімді сезіну, табысқа жету, шығармашылықты дамыту, бақылау, қоғамдық ықпал, шыдамсыздықты жою, қызығушылық, шығынға ұшырамау секілді қажеттіліктер болады. Ойын сценарийін құрудағы геймификацияның элементтері: мақсат, ережелер, міндеттер, рөлдік функциялар, механика, марапаттар (виртуалды) болып табылады, әр элемент жеке талдаулармен беріледі. Әлемдік зерттеулер бойынша геймификацияның құрамдас бөліктері графикаланады. Геймификацияны тиімді жүзеге асыруда бастауыш сыныптарда ағылшын тілін меңгертуге арналған цифрлық білім ресурстарының мазмұны сипатталады. Бастауыш сынып оқушыларына ағылшын тілін меңгертудегі Wordwall, Quizizz, Кahoot, Flippity цифрлық платформалары қарастырылады.
Эмпирикалық бөлімде тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар екі кезеңді қамтыды. Бірінші анықтау кезеңінде 4-сынып оқушыларының ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларының деңгейін және геймификация элементтеріне қызығушылығын анықтау мақсатында авторлық сауалнама (google-сауалнама) 80 оқушыдан алынды. Қалыптастыру кезеңінде «Journey into space» атты тақырыпта бастауыш сынып оқушыларына геймификация әдісі арқылы ағылшын тілін меңгертудің сценарий-жобасы ұсынылды. Қорытынды бөлімде ғылыми-әдістемелік ұсыныстар берілді.