Соңғы жылдары жастар арасында ұлттық құндылықтардың құнсыздануына байланысты қоғамда алаңдаушылық артып келеді. Дүние жүзіндегі қарқынды өзгерістермен қатар, әлеуметтік азғындықтың күшеюіне байланысты жастардың ұлттық құндылыққа деген көзқарастары мен ұлттық болмысы қайтадан назарға алынып отыр. Студенттердің бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыру және оларды тұлға ретінде қабылдау ЖОО-да білім берумен тығыз байланысты болғандықтан, бүгінгі таңда элективті курс ретінде ұлттық құндылықтарға қатысты пәндер енгізілуде.
Бұл мақалада Абай атындағы ҚазҰПУ-нің бастауыш білім беру кафедрасында «Мобильді білім беру ортасын құру арқылы болашақ бастауыш білім педагогтерін ұлттық құндылыққа баулу» атты жоба аясында бастауыш білім беру бағдарламасына енгізілген «Мобильді білім беру ортасын құру арқылы білім алушыларды ұлттық құндылыққа баулу» курсының негізгі аспектілері мен артықшылықтары зерттеліп, цифрлық ландшафтағы өзектілігі анықталды. Зерттеу жүргізу барысында кешенді теориялық әдістер: салыстыру, саралау, жинақтау, жүйелеу, сараптау әдістері қолданылады.
Мақалада бастауыш білім беру бағдарламасына енгізілген элективті курстың тиімділігі студенттерден алынған сауалнама мен аралық бақылау нәтижелері бойынша анықталып, мобильді технологияларды қолдану білім алушылардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, олардың оқу мотивациясына, кәсіби құзыреттілігіне айтарлықтай ықпал еткенін байқадық. Таңдау пәнінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған оқыту мазмұнын жақсарту үшін мобильді құрылғылардың тиімділігі зерттеліп, қорытынды жасалды. Зерттеу нәтижелері келешекте білім алушылардың жеке білім траекториясын жасаған кезде осы элективті курсты таңдау арқылы жастар арасында ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді деп ойдамыз.