Мақалада қазіргі жалпы орта білім беретін мектептегі «Жаһандық құзыреттілік» таңдау курсын оқытудың тиімділігі мен негізгі ерекшеліктері, заманауи үдерістерге сай оқушыларды тәрбиелеудегі өзекті мәселелері тұжырымдалып, негізделген.
Қазіргі таңда әлемнің дамыған елдері нарықтық экономикаға көшу жағдайларымен бірге, барлық салаларда қайта құрулар мен тиімді әдіс-тәсілдерді заманауи талаптарға сай жүзеге асыру, оңтайландырылған әрі қолжетімді инновациялық технологияларды дамыту, өнеркәсіп салаларын компьютерлендіру, білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сай реформалау жолға қойылуда.
Заманауи білім беру талаптарына сай, орта мектептерде жүргізілетін жекелеген пәндердің мақсаты жаңартылған әдіс-тәсілдер мен ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану болса, міндеттерінің қатарына оқушылардың білім, білік, іскерлік дағдыларын арттыру, маңызды сапаларын дамыту мәселелері көрініс тауып отыр.
Жалпы, орта білім беру жүйесінде жеке тұлғаның жаһандық құзыреттіліктерін қалыптастыру өте өзекті әрі кезек күттірмес мәселелердің қатарында. Еліміз нарықтық экономикаға қадам басуымен бірге оқу-ағарту саласындағы мұғалімдер мен оқытушылардың құзыреттілігі, білім алушылардың жаһандық бәсекеге қабілеттілігі мәселелері ел болашағына арналған Жолдаулар мен маңызды нормативтік құжаттарда көрсетіліп, тұжырымдалды. Қазіргі кезде, жалпы орта білім беру жүйесінде «Жаһандық құзыреттілік» таңдау курсы енгізілгенімен, бұл жерде әлі де болса теориялық және практикалық мәселелер жеткілікті.
Қорытындылай келе автор «Жаһандық құзыреттілік» курсы қазіргі кезде мақсатты түрде ұйымдас-тырылған оқу үрдісінде нәтиже беретінін тұжырымдайды.