Мақалада бастауыш сыныптардағы балалар әдебиеті материалдарын оқыту негізінде оқушылардың танымдық белсенділігін арттырудың теориялық және эмпирикалық зерттеулері талданады. Теориялық талдаулар бойынша таным үрдісі – сөйлеу, пікір алысу, ойлау, ойдың айқындылығы, эмоциялық қалыпта болу деп баяндалады. Танымдық белсенділік ұғымының мазмұны психологиялық(табиғи күш, ақыл-ой, ерік, ұмтылыс), педагогикалық(интегралды білім, интеллектуалдылық) және филологиялық (сөйлеу, сөйлеу мәнері, мәдени ой-сана) тұрғыда сипатталады. Теориялық талдауларды негізге алып, авторлар тарапынан «танымдық белсенділік – бұл екі жақты үдеріс, бір жағынан, білім алушының өзін-өзі ұйымдастыруы мен өзін-өзі жүзеге асыруының бір түрі ретінде, екінші жағынан, мұғалімнің білім беру белсенділігін ынталандыратын әдістерді іздеудегі ерекше күш-жігерінің нәтижесі» деген нақтылау жасалады. Балалар әдебиетін материалдарын оқытуда «Learningapps.org» бағдарламасын қолдану ұсынылады.
Ал эмпирикалық бөлімде балалар әдебиетін оқытудағы танымдық белсенділік деңгейлерін анықтауға арналған диагностикалық жұмыстардың жүргізілу барысы беріледі. Ш. Шварцтың «Құндылық сауалнамасы» әдістемесі бойынша берілген құндылықтарға шкалалық бағандар оқушылардың ассоцациялық ойлауын, абстракциялай алуын, ой-пікірін өзіндік толықтыра алуы және зейіні мен есте сақтауындағы дамуларды анықтауға арналады.