Мақалада оқушының пәнге деген құштарлығын арттыру, мотивация беру, ынтасын, ойлауын қалыптастыру мақсатындағы қолданылатын жаңа тәсілдердің бірі Stem технологиясын математика пәнінде қолдану қарастырылады.
Әлемдік трендтердің біріне арналған STEM технологиясы өскелең ұрпақ үшін, сапалы білім берудің тамаша нұсқаларының бірі. Пән материалдарын Stem технологиясы арқылы түсіндіру пәнаралық байланысты күшейтіп қоймай, оқушыға әлем туралы, заттар мен құбылыстардың өзара байланыстары туралы біртұтас мағлұмат жеткізеді, оқушының сыни тұрғыдан ойлауына, ғылыми зерттеушілік құзіреттіліктерінің жүйелі түрде дамуына, командалық жұмысқа бейімделуіне, болашақ мамандығын жоспарлауына тікелей әсер етеді және сондай – ақ оқу сағаттарын барынша үнемді пайдалануға мүмкіндік жасайды. Қиын пәндердің бірі болып саналатын математика пәнінде Stem технологиясын қолдану - оқушылардың бейнелі ой – өрісін одан әрі дамытып, пәннің жалпы мазмұнын өмірмен байланыстыратын шығармашылық мүмкіндіктер ашады.
Мақалада 10-11 сыныптарда математикалық білім беруде Stem технологиясын қолдану мысалдары келтірілген. Көпжақтар, айналу беттері, функция туындысы секілді тақырыптарды түсіндірудегі қолданылған ақпараттық технологиялар, инженерлік білім беру, оқушыларға ұсынылған өз бетімен жұмыстар келтірілген. Сонымен қатар, математикалық білім берудегі Stem оқытудан оқушының бойындағы дамитын негізгі құзіреттіліктер атап өтілген.
Оқушының пәнге деген құштарлығын арттырудың тәсілдерінің бірі болып табылатын Stem технологиясының математика пәніне қолданысының тиімді жақтары, кездесетін кедергілер туралы ақпарат жинақтау үшін Ақтөбе қаласының жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімдері мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің физика - математика факультетінің бітіруші түлектері арасында жүргізілген сауалнаманың, талданған нәтижесі келтірілген.