Аңдатпа
Бұл мақалада ғылымның интеллектуалдық әлеуетін жоғарлату және Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін арттыру қажеттілігінен туындап отырған университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының зерттеушілік белсенділіктерін дамытудың өзектілігі қарастырылады. Білім және ғылым саласындағы құқықтық және нормативтік құжаттарда университеттердің тек білім берушілік қана емес, сонымен қатар ғылыми жаңалықтарды жасауға, таратуға және енгізуге арналған ғылыми-мәдени орталықтар ретіндегі рөлі негізделген. Мақалада университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының ғылыми-зерттеу қызметін дамыту қажеттілігіне ерекше назар аударылады, өйткені олардың ғылыми іс-әрекеттерінің нәтижелері университеттің әлемдік және ұлттық рейтингін анықтайды және университеттің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.
Бұл зерттеудің негізгі идеясы Action Research (іс-әрекеттегі зерттеу) сынды ғылыми зерттеулердің бейресми түрлерін университет тәжірибесіне кіріктіру арқылы университет оқытушыларының ғылыми-зерттеу белсенділіктерін дамыту қажеттілігімен байланысты. Бұл зерттеу жалпы зерттеу үдерісінің сапасын дамытудың терең жатқан мәселелерін шешуге бағытталған.
Мақалада ұсынылып отырған отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми ізденіс әдіснамасы, практикаға бағытталған ғылым, университет тәжірибесіне Action Research (Іс-әрекеттегі зерттеу) енгізу туралы ғылыми-педагогикалық зерттеулеріне жасалған аналитикалық талдау оқытушылардың зерттеу белсенділіктерін дамыту үшін университеттің психологиялық-педагогикалық жағдайлары мен мүмкіндіктерін анықтауға негіз болады.
Бұл мақала Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің IRN: АР14872311 гранттық қаржыландыру бойынша «ЖОО-ның тәжірибесіне Action Research сынды бейформалды зерттеу формаларын интеграциялау арқылы оқытушылардың зерттеушілік белсенділіктерін дамытудың теориясы мен технологиясы» тақырыбындағы ғылыми жобасы аясында жазылған.