Мақалада болашақ әлеуметтік педагог мамандардың акмеологиялық құзыреттіліктерін дамытуда қолданылатын ақпараттық технологиялардың маңызы туралы баяндалады. Тұлғаның жекедаралық ерекшеліктерін ескере отырып, оқу үдерісінің тиімділігін арттыруда пәнаралық байланыстарды интеграциялауға мүмкіндік беретін тәсіл ретінде оқытудың ақпараттық технологияларының рөлі зор. Қазіргі кезде білікті мамандарды даярлауда шетел тілдерін білу өзекті болып отыр. Бұл маманнан өз қызметінің мақсаттарын өзі қоя білуі, оған жетудің жолдары мен құралдарын анықтау секілді бірталай міндеттерді талап етеді. Ағылшын тілін білуді талап ететін шеттілдік білім беруде инновациялық технологиялардың жетістіктерін қолдану аса маңызды деп танылады.
Мақалада авторлар ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың сапалы білім берудің қайнар көзі бола отырып, болашақ мамандардың акмеологиялық құзыреттіліктерін дамытудағы тиімділігін анықтауды көздейді. Бұл технологияның икемділігі мен өзгермелілігі студенттердің жекедаралық мүмкіндіктерін дамытуға, акмеологиялық құзыреттілігін, танымдық белсенділігін және шығармашылық дербестігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Зерттеудің өзектілігі шетел тілін оқыту негізінде ақпараттық технологияларды қолдана отырып, болашақ әлеуметтік педагогтердің акмеологиялық құзыреттілігін дамыту бойынша интегративті ғылыми-зерттеу жұмыстарының жетіспеушілігімен сипатталады. Осыған орай, мақалада зерттеу нәтижелері шетел тілін оқытуда АКТ арқылы болашақ әлеуметтік педагогтердің акмеологиялық құзыреттілігін дамытудың әдістерінің мәнін ашуға бағытталады.