Бүгінгі еңбек нарығында өзінің жұмысын тиімді жоспарлай білетін, алған білімін кәсіби қызметте ұтымды қолдана алатын, түпкілікті нәтижеге жету үшін әртүрлі санаттағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната алатын жоғары білікті маман сұранысқа ие болып отыр. Осыған орай кәсіби білім беру үрдісі де өзгеріп, маман даярлаудың мақсаты мен мазмұнын, нәтижесін айқындауда құзыреттілік тәсілдеме жетекші парадигмаға айналды. Оның басты міндеті – болашақ маманды сапалы білім, білік, дағдылармен қамтамасыз етумен қатар, кәсіби-тұлғалық дамуына жағдайлар жасау, яғни кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру.
Бұл мақалада болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру процесін жақсарту үшін коучингті қолданудың маңыздылығы көрсетілген. Сондай-ақ, авторлар жаңа жағдайларға бейімделе отырып, Қазақстандағы жоғары білім берудің негізгі проблемаларына талдау жүргізеді және педагогтар қызметінің ерекшелігін зерттейді. Осы талдау негізінде авторлар болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігінің мәні мен мазмұнын, сондай-ақ коучинг процесі ұғымын нақтылайды. Мақалада болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру үшін коучингті қолдану мүмкіндіктері ашылады, коучингті жеке және құндылық аспектілерін дамытуға ықпал ететін технология ретінде қолданудың орындылығы көрсетіледі.
