Қазақстан Республикасында аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) диагностика нәтижелеріне сай санының артуы байқалғанымен, АСБ бар балалар мен олардың отбасылары кешенді түрде қолдау әлі күнге дейін жеткілікті деңгейде үйлестірілмеген. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық база негізінен ерекше білім беру қажеттіліктерінің өзге санаттарын реттеуге бағытталған және эмоциялық – еріктік саладағы бұзылыстардың өзіндік ерекшеліктері толық ескерілмеген. Бұл АСБ – ны ерте анықтау, мекеме аралық өзара әрекеттестікті қамтамасыз ету, психологиялық – педагогикалық және медициналық – әлеуметтік сүйемелдеудің сабақтастығы мен үздіксіздігін сақтау, инклюзивті білім беру қағидаттарын тиімді іске асыру үдерістерін қиындатады.
Зерттеудің мақсаты – аутизм спектрінің бұзылыстары бар тұлғаларға медициналық – әлеуметтік және психологиялық – педагогикалық қолдау көрсету жүйесін реттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік – құқықтық актілеріне кешенді талдау жүргізу, олардың халықаралық стандарттар мен қағидаттарға сәйкестік деңгейін бағалау, сондай – ақ қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз етуге кедергі келтіретін құқықтық және ұйымдастырушылық қайшылықтарды айқындау. Зерттеу барысында салыстырмалы – құқықтық талдау, жүйелеу, жіктеу, теориялық қорыту әдістері, прогностикалық және диалектикалық тәсілдер қолданылды.
Зерттеу нәтижелері Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың ерте анықтау, кешенді және тереңдетілген бағалау, арнайы психологиялық – педагогикалық көмек көрсету және инклюзивті білім беру кезеңдерін қамтитын көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқанын көрсетті. Сонымен қатар, жүргізілген талдау бірқатар жүйелік мәселелердің бар екенін айқындады. Олардың қатарында арнайы мекемелер арасындағы іс-әрекет тетіктерінің жеткіліксіз құқықтық түрде реттелуі, балалардың жеке қажеттіліктерін бағалауда формалды тәсілдердің қолданылу тәуекелі, білікті кадрлармен қамтамасыз етудегі және мамандандырылған қызметтердің өңірлік қолжетімділіктері теңсіздіктер, сондай-ақ АСБ бар балаларды қолдауды қаржыландыру көлемі мен сүйемелдеу ұзақтығына байланысты шектеулер жатады.
Зерттеу қорытындысы АСБ бар балалар мен олардың отбасыларына өмірлік циклдің барлық кезеңдерінде кешенді, үздіксіз, сабақтас және жеке қажеттіліктерге бағдарланған қолдау көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында ҚР нормативті-құқықтық базасын одан әрі жетілдіру қажеттігін негіздейді. Бұл ретте халықаралық тәжірибені ұлттық әлеуметтік – мәдени және институционалдық ерекшеліктерге бейімдеу, мекеме аралық өзара іс-қимыл тетіктерін нақтылау, ерте анықтау мен сүйемелдеудің сабақтастығын қамтамасыз ету және инклюзивті білім беру саласындағы қолдау шараларының қолжетімділігі мен сапасын арттыру басым бағыттар ретінде қарастырылуы тиіс.
