Әлемдегі заманауи өзгерістер, қоғамның ақпараттануы, ғылым ролінің артуы қоғамдық өмірдің барлық салаларына жаңалықтар енгізеді. Сондықтан үздіксіз дербес білім алу мәселесі қазіргі кезде өзекті. Дербес білім алуға дайындық білімдерді толықтыру мен қолданудың әдіснамалық аппаратын меңгеру есебінен танымдық қабілеттерді дамыту арқылы жүзеге асады. Танымдық міндеттерді шешудің, сонымен қатар тұлғаның шығармашылық, коммуникативті және рефлексивті сапаларын дамытудың тиімді аппараты – ғылыми ізденістің ғасырлар бойы қалыптасқан әдіснамасы болып табылады. Осыған байланысты, оқушыларды қоршаған әлемді танудың жалпы және жеке әдістерін, ғылыми танымдық процестің логикасы мен кезеңдерін, жалпылай айтқанда тұтас зерттеушілік әрекетке баулу өте маңызды. Мақалада негізгі мектептің жоғарғы сынып оқушыларының физика бойынша зертханалық жұмысты орындаулары процесіндегі зерттеушілік іс-әрекетін ұйымдастыру ерекшеліктеріне байланысты мәселелер қарастырылған.
Зерттеу барысында негізгі мектептің білім беру үдерісіне қатысты нормативтік құжаттарға, зерттеушілік іс-әрекет мәселесіне байланысты ғылыми-әдістемелік әдебиеттерге талдау жасалынды. Жасалған зерттеулердің нәтижесінде ғылыми-зерттеушілік әдістің оқушылардың зерттеушілік білігін қалыптастырудағы ролі айқындалды. Физика бойынша зертханалық сабақтарындағы оқушылардың зерттеушілік іс-әрекетін ұйымдастыру моделі негізінде оқыту педагогикалық эксперимент барысында жүргізілді. Педагогикалық экспериментке Талдықорған қаласы мектептерінің 118 оқушысы қатысты. Бақылау және эксперименттік топтардағы оқыту тиімділігі көрсеткіштерінің айырмашылығы «хи-квадрат» критерийімен бағаланды. Алынған нәтижелер ұсынылған модельдің оқушылардың зерттеушілік біліктерін қалыптастырудағы тиімділігін көрсетті.