Мақалада орта мектептегі білім беру үдерісінде шағын ғарыш аппаратын қолдану қарастырылады. STEM-білім беру саласындағы басқа елдердің тәжірибесі талданып, Қазақстанда шағын ғарыш аппараттарын қолдану мүмкіндіктері мен шарттары салыстырылады, оқу бағдарламаларына, әдістемелік материалдарға және білім беру жобаларына контент-талдау жүргізілді. Жұмыстың мақсаты - білім алушылардың білім сапасын арттыру үшін шағын ғарыш аппараттарын білім беру үдерісіне енгізу мүмкіндіктерін қарастыру. Бұл білім алушыларға негізгі STEM дағдыларын қалыптастыруға және жинақтау, ұшыру, деректерді талдау бойынша практикалық тәжірибе алуға мүмкіндік береді.
Авторлар орта мектептегі физика сабақтарында шағын ғарыш аппаратын қолдану білім алушылардың STEM-білім беруге және ғарыш инженериясына деген қызығушылығын арттыруға, практикалық дағдылары мен біліктерін дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның болашақ ғарыш саласы үшін білікті мамандар даярлауға ықпал ететінін айтады. Қорытындыда шағын білім беру ғарыш аппаратын қолдану Қазақстанда әлеуетке ие екені және STEM-білім беруді әрі ғарыш саласын дамыту жолындағы маңызды қадам бола алатыны атап өтіледі.
