Бұл зерттеудің мақсаты – жасөспірім қыздар арасында агрессивті мінез-құлық пен буллингтің өзара байланысын педагогикалық тұрғыдан анықтау. Бұл жұмыс шеңберінде агрессияның қалыптасуына ықпал ететін психологиялық және әлеуметтік факторларды талдау арқылы мектеп ортасындағы буллингтің таралу себептері мен сипаттамаларын ашып көрсету көзделді. Зерттеу нәтижелері білім беру процесінде тәрбиелік ықпал ету шараларын жетілдіруге бағытталған. Зерттеу сандық әдіснама негізінде ұйымдастырылды. Эмпирикалық мәліметтер 13–17 жас аралығындағы қыз оқушыларға сауалнама жүргізу арқылы жиналды. Психологиялық-педагогикалық диагностика ретінде Басса–Дарки әдістемесі қолданылды, ол агрессивтіліктің әртүрлі формаларын (ашушаңдық, реніш, тікелей және жанама агрессия т.б.) анықтауға мүмкіндік берді. Бұл әдіс оқушылардың мінез-құлық ерекшеліктерін педагогикалық тұрғыда түсініп, тәрбие жұмыстарының бағытын нақтылауға жағдай жасайды. Зерттеу нәтижелері агрессия деңгейі мен буллингке бейімділік арасында оң корреляция бар екенін көрсетті. Яғни, агрессивтілік деңгейі жоғары қыз балалар көбіне буллингтің белсенді қатысушысы немесе құрбаны болуға бейім. Сонымен қатар, құрдастар тарапынан психологиялық қысым, отбасындағы тұрақсыз ахуал, мектеп ортасындағы қолдаудың төмендігі сияқты әлеуметтік факторлар агрессивті мінез-құлықтың дамуына әсер ететіні дәлелденді. Бұл деректер жасөспірімдердің әлеуметтік-психологиялық бейімделуіне педагогикалық қолдау көрсетудің маңызын арттырады. Алынған нәтижелер мектепте агрессия мен буллингтің алдын алу бойынша тәрбиелік бағдарламалар әзірлеу, эмоционалды тұрақтылықты дамыту, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру секілді бағыттарды педагогикалық тәжірибеге енгізуге септігін тигізеді.
Жасөспірім қыздар арасындағы агрессияны зерттеу – пәнаралық тәсілді талап ететін маңызды мәселе. Мектепте жүргізілетін диагностикалық және тәрбие жұмыстары буллингтің себептері мен салдарын тереңірек түсінуге жол ашады. Болашақта бұл салада тәрбиелік-профилактикалық бағдарламаларды әзірлеу, педагогтардың біліктілігін арттыру, отбасы мен мектеп арасындағы өзара іс-қимылды нығайту бағытында кешенді зерттеулер жүргізу қажет.
