Мақалада мүмкіндігі шектеулі жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар берудің тиімділігін арттыратын арнайы психологиялық-педагогикалық жағдайлар қарастырылады. Мүгедектігі бар адамдар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету – кез келген әлеуметтік жауапты мемлекеттің басты мақсаттарының бірі болып табылады. Бұл мақ-сатқа жету тек физикалық қолжетімділікті ғана емес, сонымен қатар инклюзивті әлеуметтік-мәдени, экономикалық, денсаулық сақтау және білім беру ортасын құруды да көздейді.
Зерттеу барысында авторлар мүмкіндігі шектеулі оқушыларға кәсіби бағдар беруді тиімді ұйымдастыруға ықпал ететін негізгі психологиялық және педагогикалық факторларды анықтауға назар аударды. Талдау оқушылар мен олардың ата-аналарына жүргізілген сауалнамалар мен сұхбаттар негізінде жасалды, онда білім алудың қолжетімділігі, мемлекеттік қолдау және кәсіби жоспарлауға байланысты жеке қажеттіліктер сияқты маңызды аспектілер қамтылды.
Зерттеу нәтижелері көптеген мүмкіндігі шектеулі оқушылардың кәсіптік білім алуға үлкен қызығушылық танытатынын, алайда ерте кезеңдегі құрылымдалған кәсіби бағдардың болмауы олардың білім алуды және кәсіби дамуды жалғастыру ниетінен бас тартуына себеп болатынын көрсетеді. Арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау жүйелерін құру бұл оқушыларға өз мүмкіндіктерін ескере отырып, саналы және шынайы кәсіби таңдау жасауға көмектесіп, болашақта таңдаған саласына бейімделіп, табысты жұмыс істеуіне ықпал етеді.
