Бұл мақалада Қазақстандағы білім беру жүйесіндегі өзгерістерге оңтайлы жауап беретін және жедел әрекет ете алатын кәсіби құзыреттілігі, оның ішінде инклюзивті құзыреттілігі жоғары арнайы мамандардың қажет екендігі қарастырылған. Осыған байланысты, «инклюзивті құзыреттілік» ұғымының ғылыми негіздері зерделеніп, арнайы педагогтерді қосымша білім беру жағдайында, олардың біліктілігін арттыруда теориялық білімдер мен тәжірибе арасында байланыстардың жеткіліксіздігі және қазіргі кезеңде шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бар екендігіне назар аударылады.
Шетелдік және отандық педагог-ғалымдардың еңбектері мен зерттеулеріндегі «инклюзивті құзыреттілік» ұғымына берілген анықтамалар мен оның құрылымдық негізгі құрамаларына қатысты авторлық тұжырымдар қарастырылды. «Педагог» кәсіби стандартына сәйкес, арнайы педагогтың қызметіндегі басты міндеттерінің бірі - білім беруде ерекше қажеттілігі бар балаларды оқыту және тәрбиелеу, түзету және дамыту, әлеуметтендіру және қоғамға бейімдеудің арнайы әрекет ету жолдары мен амалдарын қолдану бойынша мамандарға, ерекше балалардың ата-аналарына және өзге де заңды өкілдеріне кеңес беру, олардың отбасыларының ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалауды жүзеге асыру болып табылады. Сәйкесінше, бұл білім беру жүйесінде арнайы педагогтен инклюзивті құзыреттілігі жоғары болуын талап етеді. Мақалада арнайы педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін дамыту мәселесі қарастырылған.
Инклюзивті құзыреттіліктің даму деңгейін және арнайы педагогтердің кәсіби қызметіне дайындығын анықтау мақсатында жалпы білім беретін мектептің (N=486) арнайы педагогтерімен анықтаушы зерттеу кезеңіне 2 сауалнама өткізілді.
