Мақалада болашақ география пәні мұғалімдерінің кәсіби-пәндік құзыреттілігін қалыптастырудың мәселелері зерттелген. Географиялық картамен жұмыс жасауда кеңістіктік ойлауды дамыту және мұғалімнің кәсіби өсуінде картографиялық құзыреттіліктің маңызын айқындау зерттеудің өзектілігін құрайды. Бұл зерттеудің мақсаты - болашақ география пәні мұғалімдерінің картографиялық құзыреттілігін қалыптастырудың педагогикалық негіздерін айқындау. Зерттеу әдісі – болашақ география пәні мұғалімдерінің картографиялық құзыреттілігінің педагогикалық негіздерін модельдеу арқылы қалыптастыру.
Зерттеу мәселесін айқындауда педагогикалық бағытта білім алатын студенттерінің кеңістіктік ойлау туралы білімдерін анықтау үшін сауалнама жүргізілді. Кеңістіктік ойлаудың картографиялық құзыреттілікті қалыптастырудың алғышарт бола алатынына талдау жасалды. Зерттеу жүргізу барысында картографиялық құзыреттіліктің қалыптасуына әсер ететін үш мәселе анықталды: кеңістіктік ойлау, кеңістіктік деректерді талдау мен түсіну, картографиялық құралдарды пайдалану. Кеңістіктік ойлау мен картографиялық құзыреттілік өзара тығыз байланысқан жүйе болып табылады. Географиялық карталар және құралдармен жұмыс жасау кеңістіктік байланыстардың қалыптасуы мен дамуына ықпал ететіні анықталды. Болашақ география пәні мұғалімдерінің картографиялық құзыреттілігін кеңістіктік ойлау мен модельдеуге бағытталған тапсырмалар жүйесін құру арқылы қалыптастыру зерттеу жұмысының практикалық маңызын құрайды.