Мақалада болашақ маманның кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудағы алғышарттардың түрлеріне талдау жасалады. Кәсіби құзыреттіліктің қалыптасуына тікелей ықпал ететін әрі оның негізі болатын кәсіби компоненттердің теориялық және практикалық маңызы сараланады. Маманның кәсіби сапасының көрсеткіші тәрбиелеу, оқу және білім беру үдерісін ұйымдастырудың кешенді әрекеттері арқылы айқындалатындықтан, білім беруді ұйымдастырудың бұл ажырамас компоненттерінің өзіндік ерекшеліктері танылуы қажет. Осы күрделі үдерістің нәтижесі кәсіби құзыреттікті қалыптастырады.
Кез келген маманның кәсіби шеберлігі белгілі бір білім саласы бойынша меңгерілген білім, білік және дағдылар шеңберінде қалыптасады. Кәсібиліктің өзі білім беру нәтижесімен тығыз байланысты болғандықтан белгілі бір маманның өз кәсібіндегі жетістігі басқа мамандардың жетістіктерімен салыстырумен анықталатыны сөзсіз. Әр түрлі мамандардың орындауындағы кәсібилік деңгейлері арқылы мамандыққа байланысты міндеттерді ажырата отырып, кімнің жоғары кәсіби деңгейі бар екендігі көрінеді.
Эмпирикалық бөлімде кәсіби құзыреттілікті қалыптастырудың маңызды компоненттерінің бірі – оқу сауаттылығын қалыптастырудағы мектеп оқушысы мен ЖОО студенттерінің кітап оқу сапасына сараптама жасалады. Оқуға құштарлықты қалыптастыру үдерісінде білім беру бағдарламасы мен білім беруді ұйымдастыру шараларының өзара байланысына талдау жасалады.
Түйін сөздер: құзыреттілік, кәсіби, білім, білік, дағды, оқу, шеберлік.