Мақала қазіргі білім кеңістігінде мобильді орта құру арқылы білім алушыларды ұлттық құндылыққа баулу мәселесіне арналады. Ғылыми әдебиеттерді зерттеу негізінде мобильді ортаның қазіргі жайына талдау жасалып, мобильді оқытудың білім беру ресурсын дамыту және қолдану тәжірибесі, перспективалары мен мүмкіндіктері қарастырылады. Білім алушылардың оқу ортасында, яғни сабақ барысында ұялы телефон, смартфон, планшет т.б. сияқты мобильді технологиялар арқылы оқу материалдарын генерациялауға деген қызығушылығы жоғары екендігі негізге алынып, мақалада осы мүмкіндікке сәйкес жастарды ұлттық құндылыққа баулу мәселесінің өзектілігі айқындалады.
Абай атындағы ҚазҰПУ студенттерімен жүргізілген сауалнама нәтижесі білім алушылардың ұлттық құндылыққа деген қатынастары мен көзқарастарының оң екендігін көрсетті. Олардың ойынша, арнайы мобильді білім беру ортасын құру, әр пәнге электрондық контент, арнайы бағдарлама немесе платформа, электронды қосымша жасау ұлттық құндылықтарға бағдарланған сапалы білім алуға, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға мүмкіндік туғызады.