Отандық және шетелдік авторлардың зерттеу нәтижелерін талдау, эксперименттік зерттеудің деректері студенттердің пәнаралық білімдерін қалыптастыру, нақты құбылыстардың математикалық модельдерін құрастыра білу мәселелерін анықтады. Бұл мәселені шешу студенттерді оқыту сұрақтарында өзекті болып қала береді. Аталған мәселенің туындауының басты себебі – мектеп мұғалімдерінің бір бағытта ғана мамандануы болып табылады..
Бұл зерттеу жұмысының мақсаты пәнаралық білімдерін қалыптастыру, студенттерді дифференциалды модельдерді құрастыруға үйрету әдістемесін және жазылып жатқан кіріктірілген «Қолданбалы есептердегі дифференциалдық теңдеулер» оқулығының пәнаралық оқу материалдарын дайындау болып табылады.
Бұл мақаланың әдістемелік негізін пәнаралық білімді қалыптастыру тәсілдері, алгоритмдік және кіріктірілген оқыту әдістері, жаратылыстану пәндерінің кіріктірілген оқу материалдарын әзірлеу мәселелері құрады. Бұл тәсілдер зерттеу жұмысымыздың бағытын анықтауға, студенттердің пәнаралық білімдерінің, математикалық модельдер құру дағдыларының қалыптастпағандығы туралы қорытынды жасауға және дифференциалдық модельдерді құрастыру алгоритмін құру қажет екендігіне көз жеткізуге мүмкіндік берді.
Зерттеу барысында келесі әдістер қолданылды: теориялық (шетелдік және отандық авторлардың зерттеу нәтижелерін, оқытушылардың тәжірибесін талдау); эмпирикалық (сауалнамалар, тесттер); эксперименттік мәліметтерге математикалық түсіндірме беру.
Мақалада зерттеудің келесі нәтижелері берілген: мысалдар арқылы пәнаралық білімді қалыптастыруға негіз болатын әртүрлі жаратылыстану пәндеріндегі ұғымдар арасындағы ішкі байланыстарды анықтау әдістемесі сипатталды; кіріктірілген оқу материалы мазмұнының қолданбалылығын қамтамасыз ететін сабақтар жүйесі әзірленді; берілген оқу материалын меңгеру процесін жеңілдететін дифференциалды модельдерді құрастыру алгоритмі құрылды.
Бұл мақаланың ғылыми жаңалығы студенттерді дифференциалды модельдер құрастыруға үйрету әдістемесін жасауда, жаратылыстану білімінің әртүрлі салаларынан кіріктірілген оқу материалын құратыруда, пәнаралық білім мен ойлау дағдыларын қалыптастыруды өзара байланыста қарастыруда.
Қорытындылар мен ұсыныстар: студенттерді дифференциалды модельдер құрастыруға үйрету әдістемесі ұсынылды, сабақтар жүйесі жасалды, пәнаралық білімді қалыптастыруда алгоритмдік әдіс ұсынылды. Қорытынды эксперименттік зерттеу студенттерге дифференциалдық теңдеулерді құруды үйретуде ұсынылған әдістеменің тиімділігін, оның пәнаралық білімді қалыптастыруда және студенттерге дифференциалдық модельдерді құруды үйретуде қолдану мүмкіндігін дәлелдеді. Алынған нәтижелер кіріктірілген пәндерді әзірлеу сапасын арттыруға ықпал етеді.
Түйін сөздер: студенттерді оқыту, пәнаралық білім, дифференциалдық модельдер, сабақтар жүйесі, кіріктірілген пән, модель құрастыру